Елордада Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі шеңберіндегі кезекті, ХІ халықаралық кездесу болып өтті. Оның қорытындысы бойынша Астана форматының кепілі ретінде Иран, Ресей және Түркия тараптары Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мәлімдемені қарсы алушы жақ ретінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов баспасөз мәслихатында жария етті. Онда тараптар Сирия жөніндегі ХІ халықаралық кездесуді Астанада ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан билігінің атына өздерінің алғыстарын білдірген.
Сонымен қатар Бірлескен мәлімдемеде тараптар Сирия Араб Республикасының БҰҰ Жарғысы мен қағидаттарына сәйкес егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығының бұзылмауын қолдайды делінген. Осы қағидаттар жаппай сақталып, Астана форматында қол жеткізілген келісімдерді бұзатын барлық әрекеттерге жол берілмеуі керек. Сонымен қатар кепіл беруші тараптар терроризмге қарсы күрес дегенді сылтауратып Сирияның егемендігі мен территориялық тұтастығына қол сұғатын сепаратистік әрекеттерге қарсылық білдіруге келіскені жарияланды.
Мәлімдемеде тараптардың 2018 жылдың 30-31 шілдесінде соңғы рет кездескеннен бергі Сириядағы жағдайдың қалай дамығаны талқыланғаны айтылып, қол қойылған шартқа сәйкес үшжақты үйлесімділікті нығайта беруге келісілгені де сөз болған. Сонымен бірге Идлиб деэскалация аймағындағы жағдай талқыланып, ондағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі Меморандумның орындалуына тараптар дайын екендігі атап көрсетілген. Атысты тоқтатудың маңыздылығы да аталып, алайда деэскалация аймағын құру Сирияның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығына қол сұқпауы керектігі айтылған.
Тараптар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік ұйымдар деп таныған ИЛИМ, «Джабхат ан-Нусра» және басқа да «Әл-Каидамен» байланысы бар адамдар мен ұйымдардың жойылғанын қалайды. Ал Сирияның барлық қарулы оппозициясының құрылымдарын бұл ұйымдардан іргесін аулақ салуға шақырады. Сирияда химиялық қару қолданылғаны айыпталып, тараптар осы оқиғаға байланысты кәсіби тексерісті халықаралық Химиялық қаруды қолдануға тыйым салу жөніндегі ұйымның жүргізгенін қалайды.
Сонымен бірге тараптар Жұмыс тобы шеңберіндегі қанатқақты жобаның негізінде тұтқындар алмасылғанын, өлгендердің мәйітін беру жұмыстарының жүргізілгенін қолдайды. Ал босқындардың Отанына оралуына барлық қауіпсіздік жағдайлардың жасалуын қолдайтындығы да айтылған. Сондай-ақ Мәлімдемеде тараптар БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі С.де Мистуреге кикілжіңді реттеу бағытында жасаған жұмыстары үшін алғыс білдірген.
Сөйтіп кезекті кездесу аяқталды. Ал келіссөздердің келесі раунды 2019 жылдың ақпан айында Астана қаласында өткізілсін деген шешім қабылданды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»